ШЫМКЕНТТІК КОМПАНИЯЛАР ЖАМБЫЛДАН ШЫҒА АЛМАЙ ЖҮР

Share on facebook
Share on linkedin
Share on twitter
Share on email
Share on whatsapp

Жамбылдағы жолдарды жөндеумен шымкенттік компания айналысады. Осыған дейін Түркістан облысындағы тендерлерге қатысып жүрген кәсіпорын енді Жамбыл облысындағы 10 ауданның жол құрылысына жауап береді. «TARAZ24» ашық дереккөздерді пайдалана отырып, 376 млн теңгенің тендерін ұтып алған кәсіпорын туралы анықтап көрді.

376 МЛН ТЕҢГЕ БІР КОМПАНИЯҒА

Осы жылы ақпанда  облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Жамбыл облысындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге» тендер жариялаған. Нақты айтқанда Жамбыл, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Жуалы, Меркі, Шу, Қордай аудандарындағы автожолдарды қалпына келтіру үшін бюджеттен қаржы бөліп, оны игеретін компания іздеді.

Құны 376 млн теңге болатын тендерді  шымкенттік «Qazaq Stroy Zhol» ЖШС компаниясы жеңіп алған. Мемлекеттік сатып алу сайтында, компанияның 2016 жылы Шымкент қаласында тіркелгені көрсетілген. Компания иесі – Нұрмахан Нұрбол Батталұлы.

«Qazaq Stroy Zhol» ЖШС-мен бірге тендерге «Сарысу жолдары» ЖШС және «Жоғары Санат Құрылысы» ЖШС қатысқан. Бірінші кәсіпорын Сарысу ауданы, Сарысу кентінде тіркелсе, екіншісі мекен-жайы ретінде Тараз қаласын және Түркістан облысындағы Кентау, Ленгер қалаларын көрсеткен.  Қызығы, «Жоғары Санат Құрылысы» ЖШС 13 лоттың 11-інде екінші орынды иеленген, «Qazaq Stroy Zhol»-дан кейін 2 айдан кейін мемлекеттік тіркеуден өткен.

ШЫМКЕНТТЕН КЕЛГЕН ҚАНДАЙ КОМПАНИЯ?

Ал Нұрмахан Нұрбол басқаратын «Qazaq Stroy Zhol» ЖШС  қандай кәсіпорын? Бұл компания осыған дейін Түркістан облысындағы Келес, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласындағы жол жөндеу, сондай-ақ Шымкенттегі  елді мекендерде санитарлық тазалау және жинау бойынша тендерлерді жеңіп алған.

Kompra.kz сайтындағы мәліметке сүйенсек, құрылтайшысы Нұрмахан Нұрбол болғанымен, директоры ретінде Сұлтанқұлов Қайрат Әбдіжаппаров есімді азамат тіркелген. Нарықта соңғы 10 жыл жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін компания 60 млн теңге салық төлеген. Ең көбі 2019 жылы тіркелген, 28 млн 130 789 теңге. 50 рет мемлекеттік сатып алуға қатысқан.  Жамбыл облысына келмей тұрып, Арыс қаласындағы Монтайтас ауылындағы көшелерде асфальт бетонды жабынды төсеу бойынша тендерді ұтып алған. Құны – 278 млн теңге. 

Ал кәсіпорын құрылтайшысы Нұрмахан Нұрбол тек бір кәсіпорынның ғана басшысы емес. Kazcifra.com сайтының мәліметінше, 2008 жылы Алматыда тіркелген «Қуатсараптама» ЖШС-ның қалалық филиалының директоры. Кәсіпорын «басқа категорияларға қосылмаған кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет көрсетумен» айналысады.

Ақмола, Қостанай және Шымкентте филиалдары бар.  Жамбыл облысында да 2005 жылы тіркелген бөлімшесі жұмыс істейді. Оның басшысы Нұрмахан Баттал Нұрманұлы деп көрсетілген.  Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, шағын кәсіпорын кредиттік бюро және төлем жинаумен айналысады.

 ЖАМБЫЛДА ҚАНША ЖОЛ ЖӨНДЕЛУІ КЕРЕК?

Осыған дейін Бердібек Сапарбаев жиналыстарында “құрылысқа 100% жергілікті компаниялар жұмылдырылуы керек” деп мәлімдеген еді. Құрылыс материалдары да мүмкіндігінше отандық компания болуы керек дегенді атап өтті. Бірақ жамбылдық кәсіпкерлер қомақты қаржыдан әлі де қағылып отырған тәрізді.

Облыс басшысы Жамбылдағы жолдардың сапасын да ерекше назарға алып отыр. «Жағдайы жақсы автожолдардың үлесі 90% болуы керек» деген талап қойған.  Осы үшін облыстық және аудандық автожолдардың құрылысына 30 млрд теңге бөлінген.

Қомақты тендерді ұтып алған кәсіпорынның жұмысын қаншалықты дұрыс атқарып,  әкім тапсырмасын орындайтындығы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.  Жалпы жол құрылысы дер кезінде аяқталғанынан бөлек, сапалы түрде салынуы да алаңдатарлық мәселе.

Алдағы уақытта “TARAZ24” интернет арнасы жергілікті мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялар мен жарияланған тапсырыстар туралы материалдар дайындап тұрады. Оның орындалуы да тілшілердің бақылауында болады. 

ТАҒЫ ДА ҚАРАҢЫЗ

Соңғы материалдар

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР