БИЛІКТЕН НАҚТЫ ІС-ШАРА, ТҰРҒЫНДАРДАН ТҮСІНІСТІК ҚАЖЕТ

Share on facebook
Share on linkedin
Share on twitter
Share on email
Share on whatsapp

«Коронавирус деген жоқ, ойдан шағарылған ауру» деп жағасы жайлауда жүрген елді соңғы апталардың оқиғасы, ковид жұқтырғандар мен симптомсыз аурулар санының күрт көбеюі, індеттен қайтыс болғандар қатарында елімізге танымал тұлғалардың да болуы тәубесіне түсірді. Тіпті үрейге бой алдырған ел дәріханаларға лап қойып, атибиотиктерді қораптап сатып ала бастады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші ел басына түскен қиыншылықтан пайда тауып қалғысы келген алыпсатарлар дәрілердің бағасын аспандатып жіберді. Жағдайды түзету бағытында мемлекет тапарынан қажетті іс-шаралар атқарылуда.

Ал біздің облыста індетпен күрес жағдайы қалай?

Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн-брифинг өткізген Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирус  бойынша өңірде қалыптасып отырған ағымдағы жағдай және инфекция таралуының алдын алуға бағытталған шаралар туралы жан-жақты баяндады,- деп хабарлайды «TARAZ24» ақпараттық порталы.

– Қазіргі таңда облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 1866 адам тіркелген, оның 865-ы симптомдық және 1001-і симптомсыз. Өкінішке қарай, тұрғындар инфекцияның қауіптілігін әлі де түсінбей, санитарлық талаптарды ескермеуде. Мәселен, соңғы тәуліктің өзінде 77 науқас анықталды, – деді Бердібек Сапарбаев.

Жалпы, өңірде коронавирустың салдарынан болған үш өлім тіркеліпті. 598 адам сауығып шықса, ауруханаларда пневмониямен 732 науқас емделуде.

Көрші облыстарда ковид толқыны келгенде қажетті төске-орын да, мамандар да  дайын болмай шыққандықтан, айқай-шу болғаны белгілі. Өңір басшысының айтуынша бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Стационарларда 1855 төсек дайындалған. Бүгінгі таңда инфекционарлық ауруханалардағы төсек қорының жүктемесі 71 пайыз, провизорлық стационарларда 56 пайыз, карантиндік стационарда 5 пайызды құрайды. Бос төсек саны 824-ті құрайды. Бердібек Машбекұлы жақын арада инфекциялық ауруханалардағы төсек-орындардың саны 665-тен 1490-ға дейін артатынын жеткізді.

  • Қазір облыс стационарларында 148 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Алдағы уақытта осындай жаңа 50 аппараты келеді деп күтілуде. Облыс бойынша 10 компьютерлік томограф жұмыс істеуде. Барлық инфекциялық стационарлар рентген-аппарафттармен қамтамасыз етілген, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар  медициналық мақсаттағы 1662 бұйымды – пульсоксиметрлерді, оттегі концентраттарын және басқа аппараттарды сатып алуға республикалық бюджеттен жалпы сомасы 4,9 миллиард теңге қаражат бөлуді сұрап, бюджеттік өтінім жіберіліпті.

Бердібек Сапарбаев өңірде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі сезіліп жатқандығын да жасырмады. Қазіргі кезде коронавируспен күреске 1146 дәрігер жұмылдырылған. Оған қосымша 435 қызметкер тартылыпты. Олардың қатарында 80 зейнеткер-дәрігер, 25 резидент және медициналық ЖОО түлектері бар.

Облыс әкімі қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің барлығына көмек көрсетілетінін атап көрсетті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресте және жоғары жүктеме жағдайында жұмыс істейтін дәрігерлерге қосымша қаржылық қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Бұл орайда 2,5 мыңнан астам медицина қызметкері 2 млрд. теңгеден астам соманың қаржылай көмегін алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 1800-дей дәрігерді қолдауға 712 миллион теңге бөлінді, – деді облыс әкімі.

Жалпы жұртшылықты медициналық маскалардың және қажетті, қолжетімді дәрі-дәрмектердің тапшылығы мәселесі де толғандырып отырғаны белгілі. Бұл орайда Тараздағы «Супер-фарм» ЖШС-ның компаниясы күн сайын қала мен облыс дәріханаларына жеткізілетін 50-60 мың масканы шығаруда екен. Мамандардың айтуынша, шикізат жеткілікті. Дәріханаларда бұл маскалар 80 теңгеден сатылуда.

– Тұрғындарды толғандырып отырған дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мәселесін де шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Көрші елдермен дәрі-дәрмек жеткізу туралы келіссөздер жүргізілуде. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 700 миллион теңге бөлінді. Қосымша тағы 300 миллион теңге бөлінетін болады. Келесі аптада дәріхана  сөрелеріне қажетті дәрі-дәрмектер түсуі тиіс, – деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс бойынша 486 фармацевтикалық нысан жұмыс істейтін болса, бүгінгі таңда олардың жұмысын арнайы құрылған мониторинг тобы бақылауда ұстап отыр. Құрамына тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері енген аталған топ Тараз қаласының дәріханаларында COVID-19 симптомдық ауруын емдеуге арналған препараттардың бар-жоғына және бағасына күнделікті мониторинг жүргізуде. Бұл тізімде дене қызуын түсіретін, вирусқа, бактерияға қарсы дәрілер, витаминдер және т.б. препараттар бар.

Сонымен қатар өңірде ПТР тестілеу 6 зертханада жүргізілуде екен. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап  65 мыңға жуық тұрғын ПТР-тесттен өткен. Таразда коронавирустың жеңіл түрімен және респираторлық аурулармен ауыратын науқастарды үйде емдеу бойынша дәрігерлердің онлайн-консультациясы іске қосылған. Кеңес алу үшін 109 нөміріне қоңырау шалу қажет. Сондай-ақ, тұрғындар онда дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауына қатысты шағымдана алады.

Брифинг барысында журналистер мен тұрғындар осынау өзекті мәселегі қатысты өздерін толғандырған басқа да сұрақтарға жауап алды. Облыс басшысы жұртшылық тарапынан осынау қатердің елеулі екеніне деген түсіністік, жауапкершілік болмаса, ешқандай іш-шаралардың ойдағыдай нәтиже бермейтінін атап көрсетіп, елді карантиндік, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.

ТАҒЫ ДА ҚАРАҢЫЗ

Жамбыл алаңдық алаңы

ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ НАЗАРДА

Тұрғын-үйлердегі жөндеу жұмыстары «Жамбыл адалдық алаңы» ЖО назарында. Бұл туралы

Соңғы материалдар

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР