АМЕРИКАНДЫҚ САРДАР: «ТАРАЗДЫҚ АТА-АНАМДЫ БІРГЕ ТҰРУ ҮШІН ЕМЕС, ТАНЫП-БІЛУ ҮШІН ТАПҚЫМ КЕЛЕДІ

Share on facebook
Share on linkedin
Share on twitter
Share on email
Share on whatsapp

Шілденің 26-шы жұлдызында американдық Сардар есімді қазақ жігіт Қазақстандағы ата-анасын іздейтіндігі туралы “Facebook” парақшасына жазба қалдырған. Соңғы кездері американдықтар асырап алған қазақ балаларының өзінің биологиялық ата-аналарын іздеп, тауып жатқандығы белгілі. Тағдырдың жазуымен мұхит асқан замандастарына көмек қолын созып, іздестіру жұмыстарына бел шеше кірісетін қазақ жастарының да қатары көп. Сардардың Kazakh American Association атты топқа қалдырған жазбасын көрген белгілі журналист Қанат Әуесбай ағамыз оның рұқсатымен өз парақшасында жариялаған болатын. Тараздық журналисттің жазбасынан соң қазақстандық сайттар мен инста-пабликтер Сардардың іздеу салуын бірінен соң бірі жарыса жазды. Өрімдей жеткіншектің өз ата-тегін, Отанын іздегені «TARAZ24» интернет-арнасы ұжымын да бей-жай қалдырмады. Жерлесіміз Паул Сардар Бабкокпен хабарласып, журналистік зерттеу жүргізген едік. Сардардың келісімімен назарларыңызға ұсынамыз! Сонымен, Сардар қалай американдық атанды? Қазір немен айналысады? Биологиялық ата-анасын іздеуіне не түрткі болды?
Паул Сардар Бабкокпен “Facebook Messenger” арқылы тілдестік. Ресми тіркелген БАҚ екендігімізді және ата-анасын табуға қол ұшын созғымыз келетіндігін айттық. Бұл ниетімізге қуанып, өзінде бар барлық құжаттарды жіберді. Орыс тілінде болғандықтан таныса алмаған. Құжаттарға сәйкес, дүниеге келген кезде берілген есімі Баймаханов Сардар. 1999 жылы 16 қыркүйекте Тараз қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта (К.Әзірбаев көшесінде орналасқан) туған. Анасы перзентханада Тараз қалалық АХАЖ бөліміне анықтама толтырған. Әкесінің аты – Баймаханов Бекнұр, анасы – Баймаханова Эльмира Калмаханбетқызы деп көрсетілген. Анасы босана салып, 1 күннен соң перзентханада қалдырып кеткен. 17.09.1999 жылы Тараз қалалық Ішкі істер басқармасының лейтенанты  акт толтырған.Анасы баласын не себепті тастап кеткендігін көрсетпеген. Шарананың денесінде ешқандай кемтарлық болмаған. Сәбиге «орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, психомоторлы дамуының тежелуі» деген диагноз қойылып, 1 айдай ем қабылдайды. 15.11.1999 ж. перзентханада бөлім меңгерушісі, аға медбике, балалар медбикесі  екінші акт толтырып, баланы ешкімнің іздеп келмегендігін, сондықтан, «Бөбек» балалар үйіне ауыстырылатындығын жазған. Осылайша шыр етіп дүниеге келе сала жетімдікті көрген бейкүнә сәби 1 жасқа дейін балалар үйінде болады. 2000 жылдың жазында американдық жұбайлар Брюс және Сьюзен Бабкоктар бала асырап алуға келіп, 02.08.2000ж. Тараз қалалық сотының шешімімен Сардар американдықтардың отбасына өтеді. Жаңа туу туралы куәлік бойынша Паул Сардар Бабкок есімі беріледі.

Содан бері Сардар мектеп бітіріп, бүгінде жоғары оқу орнында «бизнес» мамандығы бойынша білім алуда.Қазір Сардардың денсаулығы өте жақсы, барлық ауруынан айыққан. Сардардың қазақстандық екендігін қайдан білгенін сұрадық. Американдық ата-анасы бірінші болып айтпаған екен. Алайда Сардар өсе келе ата-анасының ақ нәсілді, ал, өзінің азиаттық келбетін байқаған. Кейінірек ата-анасынан сұрағанда мән-жайды баяндап, барлық құжаттарды көрсеткен. Сұхбат барысында  Сардардың ақ көңіл, көпшіл, көтеріңкі көңіл-күймен жүретіндігін аңғардық. Фейсбук парақшасындағы жазбаларына үңілдік. Өзі азиаттық болғанымен ұлтын нақты білмейді. «Сіздің ұлтыңыз қандай?» деген пайыздық онлайн тесттер тапсырып, нәтижесін жариялаған. Онда «ең бастысы мен азиаттықпын» деген пост қалдырған. Құжаттарға қарап отырып оның 100% қазақ екендігін айттық. Ата-анасының діні христиан болғандықтан, өзі де осы дінді қабылдаған. Оңтүстік Корея мемлекетінде 2 жыл шіркеуде жұмыс істеп келген. Алайда, Ислам дініндегі достарының өте көп әрі олармен қарым-қатынасының жақсы екендігін, тіпті, өзінде Құран кітабының барын айтты. Тағы бір жазбаларынан байқағанымыз қазақстандық «SEVENLIGHT» бойз-бендін тыңдайды екен. Q-pop жанрындағы ең үздік топ деген бағасын да берген.

Қаны қазақ емес пе?! Тауға шыққанды , ет жегенді жақсы көремін дейді. Қазақ халқы көбіне жылқы, қой етін жейтіндігін, қазіргі, пандемия кезінде короновирустан қой етінің сорпасын ішіп емделіп жатқанымызды жаздық. Ол да таңдана «тек, деликатес жейді екенсіздер» деп әзілдеп қойды. Сардар қойдың етін алғаш рет 2 жыл бұрын Кореядағы түрік асханасынан дәмін көріп, ұнағандығын, қазір ылғи да қой етін жейтіндігін айтады. Біз де әңгімелесу кезінде Қазақ елін, Тараз қаласын барынша таныстыруға тырыстық. Бейнероликтер жолдадық. Бейнеден Тараздың әдемі қала екендігін, қалайда 1 рет келіп кеткісі келетіндігін айтты.  «Тараздық ата-анаңды іздеуіңе не түрткі болды, оларға деген ренішің бар ма, көріп жатсаң не айтасың?» деген сауалымызға «еш ренжімеймін, қазіргі ата-анам да іздегеніме қарсы емес,өйткені мен оларды тастап, биологиялық ата-анаммен тұрып кетпеймін ғой, тек кімдер екендігін көргім, білгім келеді» деп қысқа қайырды. Парақшасындағы жазбалардан табиғат аясына шыққанды ұнататындығын аңғардық. Құрлық асқан қазақ балаларының Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы «Screaming» әнін айтып келе жатқан бейнежазбасы жүрегімізге жылу ұялатты. Айтпақшы, Сардармен бірге дәл осы Тараздан 2 қыз баласын да Бобкокк отбасы асырап алған. Осылайша балалар үйінде бірге тәрбиеленген замандастар,Америкада бауыр атанды. Әзірге екі қарындасы биологиялық ата-аналарын іздеуге ниет білдірмеген…

Ал, «TARAZ24» интернет-арнасының ұжымы Сардардың ата-анасы туралы қандай да мәлімет болса 8 747 9941438 номеріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

P.S. Сардардың перзентханадағы, асырап алуға қатысты барлық құжаттарының көшірмесі біздің редакциямызда. Құпия құжаттар болғандықтан жарияланбады.

ТАҒЫ ДА ҚАРАҢЫЗ

Жамбыл алаңдық алаңы

ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ НАЗАРДА

Тұрғын-үйлердегі жөндеу жұмыстары «Жамбыл адалдық алаңы» ЖО назарында. Бұл туралы

Соңғы материалдар

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР