ТАРАЗ. ТАМЫЗ. «TULPAR CARD»

Share on facebook
Share on linkedin
Share on twitter
Share on email
Share on whatsapp

Облыс орталығы Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру жүйесін енгізу туралы айтылып келе жатқанына бірер жылдың жүзі болды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы тиіс бұл жоба әртүрлі себептермен кейінге қалдырылып келген. Қалалық қоғамдық жолаушылар көліктерінің жұмысын жүйелеуге, тұрғындарға қызмет сапасын арттыруға бағытталған бұл мәселе де өзінің логикалық түйініне жеткелі отыр,-деп хабарлайды “TARAZ24” ақпарттық интернет арнасы.

Қала басшысының айтуынша бүгінде Тараз қаласы әкімдігінің дифференциалды тарифті бекіту туралы қаулысы бекітіліп, Әділет органдарында тіркелген. Қаулыға сәйкес электронды жолақы үшін тариф – 65 теңге, қолма-қол төлеу тарифі 130 теңге болып белгіленіпті. Қытай Халық Республикасының Шенжень қаласында орналасқан өндіруші зауытпен келісімшарт жасалып, жол ақысын төлеу автоматтандырылған жүйесінің жұмысына қажет барлық құрылғыларға (терминалдар, валидаторлар және басқа да қосалқы бөлшектер) тапсырыс берілген және 100% төлемақы жасалған. Айтқазы Дәулетқұлұлы өндіру мерзімінің ұзақ болу себебін батареяларының қуаттылығы үлкен (5000 mAh) мобильді терминалдарға тапсырыс берілуімен түсіндірді. Әзірше дайын болған құрылғылардың бірінші (330 дана) және екінші (500 дана) партиясы зауыттан таразға жөнелтілгенімен, Үрімші қаласында карантин режимі енгізілгендіктен құрылғылар тиелген жүк көліктері аталған қаланың шекарасында тұр екен. Сол себептен құрылғылардың келу мерзімі 27 шілдеден 10 тамызға шегеріліпті. Сонымен қатар, ол құрылғыларды орнатуға қажетті қосалқы бөлшектер (автобустардың маркасы мен моделіне қарай бекітпелері, кабельдері, тұтастырғыш, сақтандырғыш және т.б.) көлемі де анықталған.

Көлік карталарына қатысты да кедергілер бар екен. Мәскеу қаласындағы өндірушіден 40 000 дана карта жеткізілгенімен «saparcard» деген атауы «tulparcard» деп өзгеруіне байланысты өндіруші зауытқа қайта тапсырыс беріліпті. Карталар 7-8 тамызда келеді деп жоспарланған. Оның ішінде мектеп оқушылары үшін аты-жөні, тегі және фотосуреті көрсетілмеген дайын карталар да бар. «Оларға қажетті ақпарат осында, яғни Тараз қаласында енгізіледі. Арнайы принтерге тапсырыс беріліп, сатып алынды. Бүгінде Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі қала аумағындағы көлік карталарын пайдаланатын мектеп оқушыларының тізімі (фотосуреттерімен) әзірленуде. Сондай-ақ оқушылар электронды жол жүру картасына пайдаланушыларға қызмет көрсету орталығы арқылы тапсырыс бере алады. Бір күнде дайындап береді», – деді қала әкімі.

Сонымен қатар көлік карталарына tulparcard.kz сайты арқылы онлайн режимде тапсырыс беруге де болады. Ол үшін барлық қажетті ақпаратты (фото, аты-жөні, ЖСН) ұсынып, банктік карта арқылы төлем жасау қажет. Тапсырыс беруші дайын болған картаны «Жайлау» ықшамауданы, 21-үй мекенжайында орналасқан қызмет көрсету орталығынан алады. Бұл орталықта тұрғындар мен пайдаланушылардың TULPAR Card жүйесіне және басқа да мәселелерге қатысты өтініштері де қабылданады.

Бүгінгі таңда қалада 16 төлем карталарын сату/теңгерім толтыру пункті орнатылыпты.

Айтқазы Дәулетқұлұлының айтуынша карталарға Qiwi төлем терминалдары арқылы теңгерім толтыру мүмкіндігі  іске қосылған. Алдағы уақытта Касса-24 терминалдары және бірқатар банктердің мобилді қосымшалары арқылы теңгерім толтыру мүмкіндігін қосу жоспарланып отыр.

«Жүйенің tulparcard.kz ресми ақпараттық веб-сайты әзірленіп, іске қосылды. Қазіргі уақытта жүйенің атауы «tulparcard» деп өзгеруіне байланысты веб-сайтта қайта өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, смартфондарға арналған мобильді қосымша да әзірленіп жатыр. Онда тараздықтар жеке кабинет ашу, QR-код арқылы жол ақысын төлеу, жасалған операциялардың тарихын қарау және т.б. мүмкіндіктерге ие болмақ», деді қала әкімі.

Қалалық қоғамдық көліктердегі электронды билеттендіру жүйесі туралы толық ақпаратпен Тараз қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі (инстаграм, фейсбук) ресми парақшаларынан және жаңалықтар порталдарынан танысуға болады.

ТАҒЫ ДА ҚАРАҢЫЗ

Жамбыл алаңдық алаңы

ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ НАЗАРДА

Тұрғын-үйлердегі жөндеу жұмыстары «Жамбыл адалдық алаңы» ЖО назарында. Бұл туралы

Соңғы материалдар

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР