Байзақ ауданында әлеуметтік нысандар салынып, жөнделуде

Share on facebook
Share on linkedin
Share on twitter
Share on email
Share on whatsapp

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданындағы жұмыс сапары кезінде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, бірқатар нысандарды аралап, құрылыс-жөндеу жұмыстарының орындалуын бағалады.

Бүгінде ауылдық жерлердегі басым міндеттердің бірі – тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Байзақ ауылында жаңа сорғы станциясының құрылысының арқасында Байзақ, Сарыкемер, Көктау, Талас, Сенкібай және Қостөбе ауылдарындағы 882 үй сумен жабдықтауға қосылады деп күтілуде. Сорғы станциясы мен су жинау нысан құрылысын салу жобасы ұзақ мерзімге есептеліп, оны келесі жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарланған.

– Қазір біз тереңдігі 170 метр болатын екі ұңғыманы бұрғылап жатырмыз. Станцияда әрқайсысы 500 текше метрден болатын негізгі және қосымша екі резервуар орналасады. 36,2 шақырымдық желі тартылады, – деді жобаның бас инженері Балғын Тұрлыбаева.

Ағымдағы жылы жұмысқа 223 млн. теңге бөлінген. Құрылысты «Таразстрой-2004» ЖШС жүргізуде. Құрылысшылар жақын арада қажетті қаржыға қол жеткізсе, нысанды осы жылдың қараша айында тапсыратындықтарына сендірді.

– Сорғы станциясының құрылысына 35 жұмысшы жұмылдырылды, оның ішінде 17 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылды. Олардың орташа жалақылары айына 90-100 мың теңгені құрайды, – деді құрылыс алаңының басшысы Сапар Райымбеков.

Бердібек Сапарбаев авторлық және техникалық қадағалауға айрықша назар аударды. Ол ауыл тұрғындары сапалы қызмет алуы тиіс екенін атап өтті.

– Егер қандайда бір ақаулар пайда болса, ең алдымен, қадағалау органдарына қатысты сұрақтар туындайды, – деді аймақ басшысы.

Ол Байзақ ауылындағы Жамбыл Жабаев көшесіндегі жөндеу жұмыстарының сапасына күмәнмен қарады. Аудан әкімі Нұржан Нұржігітов ол туралы түсіндіруге тырысты:

– Жолдың ені алты метр, бұл ауылдық жерлерге жеткілікті. Жол төсемінің қалыңдығы стандартқа сәйкес келеді. Су құбыры желілері әрбір үйге жеткізіледі, бұл ретте жаңа жол да, басқа да құрылыстар да зардап шекпейді.

Жеті елді мекенді қамтитын Жаңатұрмыс ауылдық округінде жақын арада Мәдениет үйі бой көтереді. Ол Көкбастау ауылында салынып жатыр.

Жеті елді мекенді қамтитын Жаңатұрмыс ауылдық округінде жақында Мәдениет үйі салынуда. Нысан құрылысы Көкбастау ауылында жүргізілуде.

– Жоба бойынша қажетті 96,2 миллион теңгенің 28 миллионнан астамы бөлінді. Екі ай ішінде үлкен жұмыс атқарылды, құрылысшылар нысанды ағымдағы жылдың 20 желтоқсанына дейін тапсыруға уәде беруде. Нысанда 38 адам еңбек етеді, оның сегізі жұмыссыз жергілікті тұрғындар, – деді Көкбастау ауылының әкімі Нұрлан Оразымбетов.

Аймақ басшысы ауылдықтарды су және газбен, әлеуметтік нысандармен және жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты сұрақтар жолдады. Н.Оразымбетовтың айтуынша, биыл сегіз жергілікті тұрғын өз бизнесін дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттар мен жеңілдетілген несиелер қол жеткізген.

Жаңатұрмыс ауылында да су тарту құрылысы мен сорғы станциясы салынуда. Нысанда 150 адам жұмыс істейді, олардың жартысына жуығы жергілікті тұрғындар.

– Мен жұмыстардың жоғарғы қарқынмен жүргізіліп жатқанына куә болдым, жақын арада нысан іске қосылмақ. Жаңа есептеу құрылғыларын орнату, сондай – ақ берілетін судың сапасын үнемі бақылау қажет, – деді өңір басшысы.

400 оқушыға арналған жергілікті мектептің екі қабатты негізгі және қосымша екі ғимараты ертеректе соғылса да, тұрақты жөндеудің арқасында тартымдылығын жоғалтпаған.

Бердібек Сапарбаев мұғалімдермен сөйлесіп, олардың қажеттілігіне және қашықтықтан оқыту ісінің жай-күйіне назар аударды.

Ұстаздар ауыл әкімі оқу жылының басында шешуге уәде еткен бірқатар мәселелерді атап өтті. Атап айтсақ, көптеген ауыл тұрғындарының компьютерлер мен планшеттерді сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Интернетке қосылу сапасы да нашар. Бірақ мұғалімдер WhatsApp және басқа да жедел хабарламалар арқылы сабақ өтуге және олардың үлгерімін тексеруге дағдыланған.

Аймақ басшысы Түймекент ауылдық округіндегі «Мұрат» шаруа қожалығына да ат басын бұрды. Мұнда 24,9 гектар суармалы жерде қияр, баклажан, қырыққабат, қарбыз, қауын және қызанақ өсірілуде.  70 адам жұмысқа тартылған десек, оларға айына 120-дан 180 мың теңгеге дейін жалақы төленеді.

Айта кету керек, шаруа қожалығы «Лоджейн» қызанақ сортын Алматыға келісін 180 теңгеден жібереді. Өңір басшысы оңтүстік астанада Жамбыл қызанақтарының келісі 500 теңгеден кем емес бағада сатылып жатқанына таңданыс білдірді.

Мұнда жеңілдетілген несиелік бағдарламалар бойынша ауылшаруашылық техникалары сатып алынса, ал тамшылатып суару жүйесін орнатуға мемлекеттік субсидияға қол жеткізген.

«Аудандағы суармалы су тапшылығы мәселесін ескерсек, заманауи жүйелермен суарылатын осындай ауқымды аумақтар басқа шаруашылықтарға жақсы үлгі болып табылады», – дейді Бердібек Сапарбаев.

Содан кейін облыс әкімі Түймекент орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ондағы жылу жүйесі де қайта жаңартуды қажет ететіні анықталды, ол үшін қосымша 30 миллион теңге керек екен.

Б.Сапарбаев кабинеттерді аралап, атқарылған жұмыстардың сапасына көңіл бөлді, бірқатар ұсыныстар мен ескертулер жасады.

– Жаңартудың эстетикалық компоненті жақсы, бірақ балалардың өздерін жайлы сезінуі бәрінен маңызды. Кеңселер барынша жарықтандырылып, желдетіліп, қыста жылы болуы керек, – деді аймақ басшысы. Ол екі ғимараттың қасбеттерін әрлеуді, мысалы, білім немесе спорт тақырыбына арналған муралдармен безендіруді ұсынды.

Келесі нысан Дихан ауылдық округіндегі Денсаулық саяжай алабы болды. Онда Талас өзенінде бөгет салынуда.

– Біздің ауданда барлығы сегіз қауіпті аймақ бар, бірақ бұл саяжай алабы – ең әлсіз жер. Егер үлкен су көлемі ағып келетін болса онда жақын маңдағы коттедждер су астында қалуы мүмкін. Мұндай жағдай шамамен он жыл сайын орын алады екен. Осы орайда “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 500 метрлік бөгеттің құрылысына 35 миллион теңге бөлініпті. Мердігерлер қаражатты үнемдей білгендігінің нәтижесінде бөгетті 800 метрге дейін ұзартып, арнайы қорғаныс шпалдарын орнатқан. Сонымен қатар, Талас өзенінің арнасын тазартуға төрт миллион теңге қаралған. Қазір механикаландырылған жасақ белсенді жұмыстар жүргізуде, – деді Нұржан Нұржігітов.

Бұдан кейін аймақ басшысы Сарыкемер ауылындағы бірқатар нысандарды аралап көрді. Соның бірі – Ағаділ Сухамбаев атындағы орталық саябақ. Мұнда баскетбол, шағын-футбол, балаларға арналған ойын және воркаут  алаңдары бар. Саябақтың аумағында жастар ресурстық орталығы орналасқан. Аймақ басшысы орталық қызметкерлерін әңгімеге тартты.

Белсенділер қайырымдылық іс-шаралар туралы тоқталды. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Әсет Құрманалидің айтуынша, «Асар» акциясының аясында қамқор азаматтар Бәйтерек, Көптерек, Темірбек, Түймекент және Ынтымақ ауылдық округтеріндегі мұқтаж адамдарға үйлер салуға көптеп көмек көрсетуде.

Аймақ басшысы екі баласы бар әйелге салынып жатқан Сарыкемер ауылындағы үй құрылысының басына арнайы барды. Үй әлі салынып бітпегенімен, отбасы онда көшіп үлгеріпті.

– Мұндай дүниелер көңілге қонады. Бұл елдің достық пен өзара көмекке бейіл екендігін көрсетеді. Сіздің жаңа  үйіңіздің құрылысы неғұрлым тезірек бітуін аудан әкімі өзі қадағалайтын болады, – деді Бердібек Сапарбаев әйелге.Жалпы, облыста  мұқтаж отбасылар үшін 100-ге жуық үй салу жоспарланған, деп атап өтті облыс әкімі.Н.Нұржігітов аталған үйдің көптің көмегімен салынып жатқандығын жеткізді. Кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар ақшамен, ал әкімдік құрылыс материалдарымен қолғабыс білдірген.Байзақ орталық аудандық ауруханасы қазір провизорлық стационар ретінде жұмыс істеуде. Реанимация бөлімшесі алты төсек-орынмен және төрт өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықталған. Шілде айында мұнда 384 адам қабылданса, олардың көпшілігінде жедел екі жақты пневмония анықталған.

– Қазір бізде дәрі-дәрмектер мен препараттар жеткілікті, ал өкпені жасанды желдетудің тағы үш аппаратын сатып алсақ, қажеттілік толық көлемде қамтылар еді. Медициналық қызметкерлердің жалақысы  тұрақты түрде төленуде. Ал қазір үстеме жұмыс үшін сыйақы тағайындалуда. Жедел жәрдемге қатысты  шағын мәселелер бар. Алайда, уәде етілгендей қыркүйек айында келетін көліктер бұл мәселені шешеді. Қазір аудан орталығында алты автокөлік жұмыс істеуде. Алыс қашықтықтарға қатысты кейде қиындықтар туындайды, – деді аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков.Бұдан соң өңір басшысы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында болды. Мұндағы құрылыс жұмыстарға 35 адам жұмылдырылған. Оқу жылының басында нысан пайдалануға берілмек.

Бердібек Сапарбаев жұмыс сапасын бағалап, құрылысшыларға алғыс білдірді.

ТАҒЫ ДА ҚАРАҢЫЗ

Соңғы материалдар

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР