КӘСІПКЕРДІҢ НЫСАНЫ: “ЛОМАН БРАУН”

Share on facebook
Share on linkedin
Share on twitter
Share on email
Share on whatsapp

Кіші және орта кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар аудандағы жас кәсіпкерлердің көбеюіне сеп болып отырғаны белгілі. Мұндағы кәсіпкерліктің басым бағыты мал мен құс шаруашылығы болып отыр. Басты айта кетерлігі, бұл кәсіп түрлеріне ер адамдармен қатар нәзікжандылар да қатты қызығушылық танытуда.
Солардың бірі – Ақжар ауылының тұрғыны Айдана Сәбитова. Айдана өткен жылдың шілде айында кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, бизнес жүргізу сауатын толықтырған. Жобасын сәтті қорғап шығып, алған қайтарымсыз қаражаттың 400 мың теңгесіне 200 бас «Ломан Браун» тауықтарын, қалған қаражатты балапан шығаратын инкубатор аппараты мен азықтандыратын жем-шөп сатып алуға жұмсаған.
– Осыған дейін ТарМПИ-да химия мамандығын алып шыққан соң, мамандығым бойынша мұғалім болып екі жыл жұмыс істедім. Кейін тұрмысқа шығып, бала күтімі бойынша үйде отырған соң, уақытымды босқа өткізбей жеке ісімді ашып, нәсібімді кәсіпкерліктен теруді жөн көрдім. Құс шаруашылығына қызығушылығым басым болғандықтан, осы іске бет бұрып, бүгінде құс шаруашылығын дамытуға үлес қосудамын, – дейді жас кәсіпкер.
26 жастағы Айдана ауыл тұрғындарының арасында үй жұмыртқасына сұраныс жоғары екенін айтады. Алғашында асыл тұқымды тауықтан күніне 300-400 дана жұмыртқа, бүгінде күн суытып, күз мезгілі жақындаған соң шамамен 150-200 дана жұмыртқа жиналады екен. Оны жергілікті дүкендер мен ауыл тұрғындары бір данасын 30 теңгеден сатып алады. Айдананың орташа айлық табысы 180-200 мың теңгені құраса, құстардың ай сайынғы азығы мен дәрумендеріне 70-80 мың теңге жұмсалады.
– «Ломан Браун» тауықтары екі есе күтімді қажет етеді. Келешекте инкубатор аппаратымен тауық балапандарын шығарып, кәсібімді үлкейтуді көздеп отырмын. Бүгінде үй құстарын күтіп-баптау, жемі мен дәрумендерін белгіленген мөлшерде беріп отыру тынымсыз еңбекті қажет етеді, – дейді жас кәсіпкер.

ТАҒЫ ДА ҚАРАҢЫЗ

Соңғы материалдар

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР