Тек Жамбыл облысында ғана емес, іргелес Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарына да, тіпті Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден арнайы іздеп келіп, қажетті медициналық көмек алып жатқан пациенттерге кариохирургиялық қызмет көрсетумен айналысып келе жатқан Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығын профессор- ғалым, денсаулық сақтау жүйесінің бірегей ұйымдастырушысы, көрнекті кардиохирург Сейітхан Жошыбаев басқарып келеді.
Жүрек пен қолқа тамырларына атқарылатын 4-5 сағаттық күрделі операциядан кейін де тыным таппай, әрі өзі де ұйымдастырушылықпен айналысып, науқастарға кеңестер де беріп, есік алдында күтіп тұратын сандаған сырқаттарға кеңес беріп, операциядан кейінгі науқастардың хал-жағдайын біліп, оларға қажетті ем-дом тағайындап, ауру наркоздан «оянғанша» қасынан бір қадам кетпейтін, кейде ауыр науқастар түссе, күрделі операциядан кейін көмегі қажет болған жағдайда үйіне қайтпай, клиникада қонып қалатын балалар кардиохирургиясының атасын бүкіл ел біледі.
Әйгілі кардиохирург, профессор Сейітхан Жошыбаев басқарып отырған орталық 2010 жылы медициналық көмек көрсетудегі жоғары жетістіктері мен жақсы нәтижелерге жеткені үшін Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын алса, 2011 жылы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» халықаралық имидждік бағдарламасы бойынша, «Еуропалық сапа» алтын белгісіне ие болды. Ал 2009 жылдың қорытындысы бойынша, Елбасымыздың өзі еліміздің жоғары марапаты «Парасат» орденін С.Жошыбаевтың омырауына тақты. 2011 жылы Дүниежүзі кардиологтар қоғамының «Алтын жүрек», 2013 жылы Францияның медициналық «Sein» атты алтын медальдарымен, «Алтын скальпель» сыйлығымен марапатталды. Бұған қоса өткен жылық Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь мемлекеттері Ұлттық бизнес-рейтинг одағы тарапынан Қазақстан аумағындағы шағын кәсіпорындар арасында «Міндеттер мен талаптардың көрсеткіштері» номинациясы бойынша «Сала көшбасшысы- 2013» құрметті атағына ие болып, мекеме жетекшісі ретінде медицина саласына инновациялар енгізуге қосқан мол үлесі мен осы саладағы көп жылдық жоғары сапалы еңбегі үшін аталған елдердің арнайы шығарылған «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» төсбелгісін омырауына қадады. 2016 жылы Европа бизнес Ассамблеясының «Үздік медицина қызметі» сертификатына ие болды. Клиника басшысы «Барыс» орденімен марапатталды.
. Бүгінде жүрекке жасалатын 3000-нан астам ота түрлерін жасап, оның бәрі сәтті шыққан мекеме енді киелі Түркістан қаласында Сardio-Turkestan филиалын ашып, орталық мамандары алғашқы шеберлік сыныптарын өткізді.Тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында мұнда екі ота жасалды.
Кентау қаласынан келген 13 жастағы бала туа біткен жүрек және қарыншалық перде ақауынан зардап шеккен. Оған жасанды қан айналымы жағдайында қарынша аралық перде ақауына пластикалық хирургия жасалды. Сәтті шыққан отадан екі сағаттан соң, науқас есін жиып, өздігінен тыныс алуға көшкен.
Екінші пациент – 22 жастағы Кентау қаласының тұрғыны жүрекше аралық перденің ақауы, туа біткен жүрек ауруына жастайынан ұшыраған. Торакоскопиялық пластиканы, яғни жаңа технологияны қолдана отырып, жасанды айналым жағдайында интератриальды перде ақауына жасалған ота да сәтті өтіп, сол күні науқас есін жиып, жалпы бөлімге ауыстырылған. Бүгінде екі науқастың да жағдайы жақсы.
Алдағы уақытта Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен жасалған келісімшарт негізінде аталмыш оқу орнының клиника-диагностикалық орталығында осындай кардиохирургиялық шеберлік сыныптары тұрақты өткізіліп тұратын болады. Сондай-ақ, Жамбыл және Түркістан облыстарының тұрғындары мұндай ота түрлерін жергілікті емханасынан берілетін жолдама арқылы тегін кепілдендірілген медициналық қызмет және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында ала алады.