МИНИСТР КЕҢЕСШІСІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Share on facebook
Share on linkedin
Share on twitter
Share on email
Share on whatsapp

Кеше Шу ауданында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі А.А.Нұрланова жұмыс сапарымен болып қайтты. Алдымен  аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысқан А.Нұрланова ауданда қанша азамат жұмыссыз, жыл бойында неше азамат жұмыспен қамтылды, мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асып жатыр деген мәселелерге мән беріп, орталық қызметкерлеріне қойылар басты талап –  халыққа шынайы ниетпен қызмет көрсету екендігін атап өтті.

Осыдан кейін аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры С.Көпбаевпен бірге өңірден шалғай жатқан елдімекен – Балуан Шолақ ауылына ат басын тіреді. Ауылдықтармен кездескен министр кеңесшісі қазіргі таңда жүзеге асып жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы жайлы насихат жұмысын жасады. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша қайтарымсыз грант иегері атанған А.Сәрсенбекованың кәсібімен танысты. Ірі қара малын өсірумен айналысып жатқан кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғысын білдіріп, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді мақсат етіп жатқандығын тілге тиек етті.

Балуан Шолақ ауылында «Еңбек» бағдарламасының ІІІ бағыты бойынша О.Балтанқұл жастар тәжірибесімен жұмыс жасап, мемлекеттік бағдарлама көмегімен болашақ мамандығын лайықты атқаруға алғашқы қадамын тәжірибе жинаудан бастаған екен. Жұмыстың қыр-сырымен танысып, өз бағытын дұрыс таңдауды мақсат еткен азаматқа А.Нұрланова сәттілік тіледі.

Түстен кейінгі бағыт – Шу қаласында орналасқан «Даутова» жеке кәсіпкерлігі болды. Аталмыш бағдарламаның ІІІ бағытын тиімді пайдаланған кәсіпкерлік жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағынан септігін тигізуде.

Қайтарымсыз грантқа ие болған жас кәсіпкердің бірі – Н.Әбдібек. Ол шағын шаштараз ашып, мақсат еткен кәсібін дөңгелету үстінде.

А.Нұрланов жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы аясында «Ник-Тараз» ЖШС-не жолдамамен жіберілген жұмысшылармен кездесіп, тілдесті.

Жұмыс сапары Белбасар және Бірлікүстем ауылдарындағы кәсіпкерлердің жай-күйімен танысумен аяқталды. Белбасар ауылында жылқы өсіру кәсібін ширатып отырған О.Мырзақожа кәсіп бастау үшін мемлекеттік бағдарламамен шағын ғана несие алған екен. Ал бірлікүстемдік С.Атамкулова ірі қара малын қайтарымсыз гранттың көмегімен көбейтіп отыр.

Ауылдықтардың тынысымен танысқан министр кеңесшісі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау әлі де көп екендігін тілге тиек етіп, оны басқа да азаматтар тиімді пайдаланып, белгілі кәсіп иесі атануларына мүмкіндік молынан екендігін атап өтті.

ТАҒЫ ДА ҚАРАҢЫЗ

Соңғы материалдар

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР