КІМ ҚЫЗЫНЫҢ ҚЫЛЫҒЫМЕН СЫНАЛСА…

Share on facebook
Share on linkedin
Share on twitter
Share on email
Share on whatsapp

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз қыздарының тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың мінезін түзеу ісінде жұмсақтық танытып, ерекше мейірімге бөлейтін. Өйткені, қыз баласы – нәзік жаратылыс. Сондықтан оған нәзік мәміле жасау қажет.

Әке ретінде айтар болсақ, қызды мейлінше құрметтеп, қамқорлық жасап, орынды сәтте мақтап, сыйлық жасап, көңіл бөліп отырғанның пайдасы көп. Өйткені, үйде осындай жылулықты сезінбеген қыз мейірімділікті айналадан емес, айдаладан іздейтін болады…

Бала психологиясын зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, ұл-қыздың негізгі тәрбиесі 5 жасқа дейін қалыптасады. 5 жастан кейінгі амалдар қайта тәрбиелеу болып саналады екен. Кез келген ғимараттың мықтылығы оның іргетасына байланысты болса, кез келген адамның тәрбиесі оның бала кезінде, яғни 5 жасқа дейін тұлабойына сіңірген тәрбиесіне тікелей байланысты.

Қыз – аяулы жар, болашақ ана. Халқымыз қызға ерекше құрмет көрсетіп, төрге шығарып, қонағы ретінде ерекше сыйлаған. Жоғарыда айтқанымыздай, қыз баласының жаратылысы, бүкіл болмысы нәзік әрі жұмсақ болғандықтан, оның табиғатына сәйкес тәрбиелеуіміз тиіс. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз қыздарына деген махаббаты мен қамқорлығы, сүйіспеншілігі мен мейірімі ерекше болатын.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім қыздарының (қылығымен) сыналса және оларға жақсылық жасаса, қыздары оған тозақ отынан қалқан болады» деген. Ғалымдарымыз: «Кім қыздардың қылығымен сыналса және жақсылық жасаса» деген хадис мәтініне: «Қыз оғаш қылық көрсетіп қойса және оған төзіп, тәрбие беру ісін жалғастырып, яғни жақсылық жасауды тоқтатпаса, сол ата-ана тозақтан құтылады» деген тұжырым жасаған.

Осы хадистен қыз тәрбиесі өте нәзік мәселе екенін аңғарамыз. Кейде әке тарапынан көрініс берген қатты мінез қыз баланың жүрегін жаралап қоюы мүмкін. Ал қыз тәрбиесін босаңсытып жіберу де дұрыс емес. Оған қатысты тәрбиеде даналық жолын ұстанған абзал. Сол даналық жолдың бірі – ананың қызға көбірек көңіл бөлуі. Өйткені, қыз бала ер кісіден қысылып, жеке өзіне қатысты мәселелерді толық айта алмай қалуы мүмкін. Бұл ретте ананың орны айрықша. Халқымыз: «Шеше көрген тон пішер» дейді. Ана өз қызына білім мен тәрбие беріп қана қоймай, оны еңбекке баулиды. Үй істеріне араластырады. Киім тігу, тамақ пісіру, қонақ күту сынды амалдар қыз балаға тән жұмыстар болғандықтан, қызды осы іске жас кезден бастап араластыру қажет. Қыз бала болашақ ана болғандықтан, оны көбірек отбасылық өмірге баулу керек. Тәрбиесі мен білімі, ісі мен мінезі көркем болған қыз болашақта ана ретінде айналасын ізгілікке үндеп, ұл-қыздарын имандылыққа ұйытатын болады.

Қыз тәрбиесіне алаңдай білген ата-ана оның тұрмысқа шығуына да ықпал етеді. Көп жағдайда ата-аналар өз қызының кімге, қайда тұрмысқа шығып жатқанынан хабарсыз болып қалады. Бұл – үлкен қателік. Қызының болашағын ойлаған ата-ана күйеу баланы өздері ұсынғаны немесе онымен ақылдасқаны абзал.

Бұл істе бізге Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі қашан да өнеге. Бірде Әли (оған Алла разы болсын) Фатима анамыздың (оған Алла разы болсын) қолын сұрады. Осы сәте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Фатимаға (оған Алла разы болсын) барып: «Анығында, Әли сенің есіміңді атады» деді. Сонда ол үндемей қалды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның үндемей қалуын разылық білдіргені деп қабылдап, оны Әлиге (оған Алла разы болсын) тұрмысқа береді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бойжеткеннен рұқсат сұралмайынша, некесі қиылмайды» дегенде жанында кісілер: «Оның рұқсат бергені қалай болады?» деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үндемеуі» деп жауап береді.

Әз Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз қыздарына адал жар таңдауына көмектескен. Мәселен, қызы Зейнепті Әбу әл-Ас ибн Әр-Рабиғ Әл-Қураши деген кісіге тұрмысқа берген. Ол Меккедегі сенімді, аманатшыл әрі саудагер кісілердің бірі Һәлә бин Хуәйлидтің баласы еді. Меккеде мұндай сипаттағы адам аз болатын. Алайда Ислам діні келгенде Зейнеп анамыз әкесіне түскен дінді (Исламды) қабылдайды. Ал Әбу әл-Ас мүшрік күйінде қалады. Сондықтан екі жұптың арасы ажырайды…

Қыздың тағдыры – бүкіл қауымның тағдыры. Қазақ халқы қызды «қырық үйден тыйып», оның тәрбиесі мен болашағына асқан жауапкершілікпен қараған. Асыл діннен қуат алған халқымыз қыз тәрбиесіне аса мән беріп, оны адал жарға тұрмысқа шығарып, Алланың разылығына бөленуге асыққан. Абдулла ибн Аббастан жеткен риуаятта ардақты Пайғамбырымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде кім бір жетімді панасына алып, өзінің тамағына және сусынына ортақтастырса, кешірілмейтін күнә істеп қоймаған болса, Алла оны міндетті түрде жәннатқа кіргізеді. Кім үш қыз немесе өзінің әпке-қарындастарын бағып, қашан Алла оларды мұқтаж болмайтын жағдайға жеткізгенге дейін тәрбие беріп, мейіріміне бөлесе, Алла оған жәннатқа кіруді уәжіп етеді. Сонда бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! Екеу болса да ма?» деді. Ол: «Екеу болса да» деді. Егер олар: «Біреу болса да ма?» деп сұрағанда Алла елшісі: «Біреу болса да» деп жауап берер еді».

Алла Тағала баршамызға ұл-қыздарымызды тәрбиелеуде даналық жолын ұстануды нәсіп еткей! Әмин!

Қуат ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ,

«Жәми» мешітінің бас имамы

Жамбыл облысы Шу қаласы

 

ТАҒЫ ДА ҚАРАҢЫЗ

Соңғы материалдар

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР