МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР – ШАРУАШЫЛЫҚТАР ИГІЛІГІ ҮШІН

Share on facebook
Share on linkedin
Share on twitter
Share on email
Share on whatsapp

Ауданның ауыл шаруашылығы саласы дамуының негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі төмендегі көрсеткіштермен сипатталады.
Осы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 33 млрд. 890,5 млн. теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,7 % құрады. Ал, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5 млрд. 235,6 млн. теңгені немесе 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 123,9 % құрады.
Ағымдағы жылы аудандағы шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жердің көлемі 55 514 гектарды құраса, оның 26 511 га суармалы, 29 003 га тәлімі.
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, 2020 жылдың өнімі үшін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 16 796 гектарға (күздік бидай 5 807 га, жаздық арпа 8 358 га, дәндік жүгері 2 581 га, дәнді бұршақ 50 га), майлы дақылдарды 3 190 гектарға, қант қызылшасын 1 320 гектарға, картопты 700 гектарға, көкөністерді 6 719 гектарға, бақшаны 2 358 гектарға және мал азықтық дақылдарды 24 420 гектарға, ауыл шаруашылығы дақылдарын барлығы 55 503 гектар алқапқа орналастыру жоспарланған.
Дақылдар орналастыру қорытындысы бойынша, 10 249 га жаздық арпа, орындалуы 122,6% (жоспар 8 358 га), 5 110 га жаңа көп жылдық шөп (жоңышқа), орындалуы 100,2% (жоспар 5 100 га), 6 820 га көкөністер, орындалуы 101,5% (жоспар 6 719 га), 1 000 га майлы дақылдар, орындалуы 31,3% (жоспар 3 190 га), 2 487 га бақша дақылдары (қарбыз), орындалуы 105,5% (жоспар 2 358 га), 700 га картоп, орындалуы 100,0% (жоспар 700 га), 2 642 га дәндік жүгері, орындалуы 102,4% (жоспар 2 581 га), 250 га сүрлемдік жүгері, орындалуы 100,0% (жоспар 250 га), 50 га дәнді бұршақ, орындалуы 100,0% (жоспар 50 га) және 1 321 га қант қызылшасы, орындалуы 100,1% (жоспар 1 320 га) себілді. Сонымен қатар, 5 807 га күздік бидай мен 19 070 га ескі көп жылдық шөп орналастырылып, жалпы аудан бойынша 55 514 га (2019 жылы 53 545 га) егістік алқапқа дақылдар орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 969 гектарға артық.
Майлы дақылдар жоспарының орындалмау себебі, жаз мезгілдерінде күннің қатты ыстық болуының салдарынан өнім сапасы төмендеп, одан алынатын өнім көлемі 5-6 центнерден аспады. Сондықтан, бұл дақыл түріне шаруашылықтар тарапынан қызығушылық төмендеп отыр. Бұл дақылдардың орнына жаздық арпа, көкөністер, бақша және дәндік жүгері дақылдары артық орналастырылды. Бүгінгі таңда, ауданымызда майлы дақылдардың тағы бір түрі рапс дақылын егу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Аудан көлемінде жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, жыл сайын жылыжайлар саны мен көлемі артуда. Аудан бойынша жалпы көлемі 5,2 гектарды құрайтын 5 жылыжайлар шаруашылығы (оның 2-еуі өнеркәсіптік және 3-еуі фермерлік үлгіде) және 0,95 гектарды құрайтын 9 отбасылық жылыжай жұмыс істейді. Бүгінгі күнге, аудан бойынша жылыжайлардың жалпы көлемі 6,13 гектарды құрап отыр.
2020 жылдың І-кезеңіне жылыжайларға қияр және қызанақ дақылдары егіліп, 762,3 тонна қияр және 35,5 тонна қызанақ жиналды.
Ағын су тапшылығына байланысты, соңғы жылдары шаруашылықтар жаңа технологиялар енгізу жұмыстарын қарқынды қолға алып, су үнемдеу технологиясын қолданғандықтан, дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда өнімді екі есеге дейін артық алуда. Мәселен, ауданның агроқұрылымдары тамшылатып суару технологиясын 2018 жылы 1 240 га алқапқа енгізсе, былтыр бұл көлем 1 330 гектарды құрады. Ал, биылғы жылы бұл көлем 1 702 гектарға артып, аудан бойынша 3 032 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиялары енгізілді.
Ауданымыздың шаруашылықтарына жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алу тетіктері туралы түсіндірме жұмыстарының тұрақты жүргізілуі нәтижесінде, шаруашылықтар ауыл шаруашылығы техникаларының базасын жаңарту бойынша да ілкімді жұмыстар атқарып, нақты қаражатқа немесе лизингке жаңа техникалар алуда. Биылғы жылдың 9 айында, аудан бойынша жалпы құны 622,1 млн. теңге тұратын 154 жаңа техникалар (оның ішінде, 31 трактор, 2 комбайн және 121 әр түрлі техникалар) сатып алынды. Оның ішінде, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы және пилоттық жоба аясында «Тараз ӘКК» АҚ-ы арқылы лизингке 201,5 млн. теңгеге 38 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, техниканың жаңару көрсеткіші 10 пайызды құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алудың басты шарттарының бірі – агротехниканы уақытылы және сапалы орындаумен қатар, егістік алқаптарды тыңайту болып табылады.
2020 жылға минералды тыңайтқыштар алу жоспары 2 740 тонна болды. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы 298 шаруа қожалық 3 354,7 тонна тыңайтқыштар алды. Оның 2 488,2 тоннасы аммиакты селитра, 810,5 тоннасы аммофос және 56 тоннасы басқа тыңайтқыштар. Тыңайтқыштар енгізілген алқап көлемі 24 849,3 гектарға жетіп, тыңайтқыштар алу көрсеткіші 122,4% құрады. «ҚазАзот» АҚ-ы минералды тыңайтқыш аммиакты селитраны 50 пайыздық жеңілдікпен беретін, биылдан бастап, «Қазфосфат» ЖШС-інен аммофос тыңайтқыштарын алу үшін жаңа талаптар қарастырылды. Бұрын тыңайтқышты алу үшін 100 пайыздық төлемақы төлеу керек болса, жаңа талапқа сәйкес, 50 пайызын төлеп тыңайтқышты алуға болады, қалған 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланбақ. Сондықтан күзгі дала жұмыстары кезінде егістік жерлерді тыңайту мақсатында аталған мекемемен келісім-шартқа тұрып, аммофос алуға болады.
2020 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірудің технологиялық карталарына және жоспарланған егін, мал азығы өнімдері алқаптарының көлеміне сәйкес, ауданға облыс тарапынан кепілдендірілген бағамен бөлінген дизель отынының көлемі 2 390 тонна. Операторлар «Тараз VIP Сервис» – 780 тонна, «Азия Нефтепродукт» 1 610 тонна. Шаруашылықтарға наурыз айында әр литры 175 теңгеден, ал, сәуір, мамыр және маусым айларында әр литры 158 теңгеден босатылып, шаруашылықтар жалпы 319 тонна дизель отынын алды. Сондай-ақ, биылғы жазғы-күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін, ауданға облыс тарапынан кепілдендірілген бағамен бөлінген дизель отынының көлемі 750 тоннаны құрап отыр. Операторлар «Тараз VIP Сервис» 455 тонна, «Азия Нефтепродукт» 295 тоннадан бекітіліп, шаруашылықтарға әр литры 162 теңгеден босатылуда. Бүгінгі күнге шаруашылықтар жалпы 163 085 литр немесе 136 тонна дизель отынын алды. Шаруашылықтарға қолайлы жағдай жасау үшін белгіленген операторлар дизель отынын талон арқылы беруде. Автоматтандыру мақсатында, пилоттық жоба ретінде қабылданған бағдарламаға сәйкес, кепілдендірілген дизель отынына сұранысты шаруашылықтар «Qoldau.kz» сайты арқылы егістік жерлерін және себілген дақыл түрлерін көрсете отырып өтінім беріп, бекітілген нормаға сәйкес, дизель отынын алады. Өтінім беру үшін әр шаруашылықтың электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦП) кілттері болулары шарт. Бұл бағдарлама бойынша егістік жер көлемі 100 гектардан асатын шаруашылықтар электронды түрде өтінім берсе, егістік жерлері 100 гектарға дейінгі шаруашылықтар қағаз түрінде өтінім береді. Кепілдендірілген дизель отынын шаруашылықтарға беру жұмыстары жалғасуда.
2020 жылдың өніміне 5 807 гектар күздік бидай және 10 249 гектар жаздық арпа, барлығы 16 056 гектар масақты дәнді дақылдар егілген.
Аудан бойынша шаруашылықтар егін орағын 25 маусым күні бастап, 10 тамызына барлығы 16 056 гектар масақты дәнді дақылдар орылып, жалпы 32 915 тонна өнім алынып (бункерлік салмағы), әр гектардан орташа өнімділік 20,5 центнерден айналып, егін орағы толық аяқталды.
Аудандағы төрт түлік малды қыс мезгілінен аман алып шығудың бірінші қағидасы, ол мал азығын уақытылы және жеткілікті дайындау. 2020 жылға пішен дайындау жоспары 171 000 тонна болса, бүгінгі күнге 216 200 тонна пішен дайындалып, орындалуы 126,4% құрады. Пішендеме дайындау жоспары 12 000 тонна, дайындалғаны 12 825 тонна, орындалуы 106,9% болды. Сонымен қатар, қосымша дайындалған сабан 14 950 тонна, орындалуы 117,7% жетті. Сүрлем дайындау жұмыстары басталып, жоспар 10 000 тонна, бүгінгі күнге 7 270 тонна сүрлем дайындалды, орындалуы 72,7%, сүрлем дайындау жұмыстары жалғасуда.
Өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 2020 жылы мүйізді ірі қараның (48 117 бас) 107,1%, қой мен ешкінің (303 907 бас) 110,8%, жылқының (15 342 бас) 110,4% өсуіне қол жеткізілді және құстар (566 197 бас) 90,9% құрады.
Құс санының 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмен болу себебі, «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-і құс инкубаторларына модернизациялау жүргізіп, қолда бар құстарын сойып, өндірілген ет көлемін 159,9%-ға арттырған.
Аудан бойынша 13 200,5 тонна ет (тірідей салмақта) 120,2%, 36 144,5 тонна сүт 102,2% және 10 млн. 383,6 мың дана жұмыртқа 100,1%-ға өндірілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал өнімдерінің барлық түрі артық өндіріліп отыр.
2020 жылға минералды тыңайтқыштар алу жоспары 2 740 тонна. 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы 298 шаруа қожалық 3 354,7 тонна тыңайтқыштар алды. Оның 2 488,2 тоннасы аммиакты селитра, 810,5 тоннасы аммофос және 56 тоннасы басқа тыңайтқыштар. Тыңайтқыштар енгізілген алқап көлемі 24 849,3 гектарға жетіп, тыңайтқыштар алу көрсеткіші 122,4% құрады.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында несиелендіру жұмыстары да атқарылуда. 2020 жылы көктемгі дала жұмыстары үшін жалпы сомасы 33,8 млн. теңгені құрайтын 7 шаруа қожалық несиелендірілді. Атап айтқанда, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы 9 млн. теңгеге 2 шаруа қожалық, «Құлан-Дән» несие серіктестігі арқылы 2 шаруа қожалық 8,8 млн. теңгеге және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы 3 шаруа қожалық 16 млн. теңгеге несиелендірілді. Мал шаруашылығын дамыту бойынша 20 шаруа қожалық 217,3 млн. теңгеге несиелендірілді. Олар: Бәйтерек ауылдық округінен 2 ш/қ, Ботамойнақ ауылдық округінен 2 ш/қ, Бурыл ауылдық округінен 2 ш/қ, Диқан ауылдық округінен 2 ш/қ, Жаңатұрмыс ауылдық округінен 1 ш/қ, Мырзатай ауылдық округінен 1 ш/қ, Сазтерек ауылдық округінен 2 ш/қ, Сарыкемер ауылдық округінен 2 ш/қ, Суханбаев ауылдық округінен 4 ш/қ, Темірбек пен Үлгілі ауылдық округтерінен бір-бір шаруа қожалық несиеге қол жеткізді. Оның ішінде, қой сатып алу бағытында 15 шаруа қожалық 193,5 млн. теңге, мүйізді ірі қара сатып алу бағытында 3 шаруа қожалық 11 млн. теңге және жылқы сатып алу бағытында 2 шаруа қожалық 12,8 млн. теңге. Бұл қаражатқа 3 325 бас қой, 37 бас МІҚ және 65 бас жылқы сатып алынды. Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан лизинг арқылы 2 шаруашылық 36 млн. теңгеге 3 дана трактор алды.
Бүгінгі күнге, несие алу үшін 1 шаруа қожалық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на және 3 шаруа қожалық «Құлан-Дән» несиелік серіктестігіне құжаттарын өткізді. Ал, 1 шаруа қожалықтың «ҚазАгроФинанс» АҚ-на құжаттары рәсімделуде (Дихан-1, Жалғызтөбе-1, Көптерек-2 және Түймекент-1 ауылдық округтерінен).
Бұл аталған жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалар ауданның шаруашылықтарының игілігі үшін өз жалғастарын табатын болады.
Әлібек ҚУАНЫШЕВ,
аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

ТАҒЫ ДА ҚАРАҢЫЗ

Соңғы материалдар

ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР